Шiлде айында ҚР Президентiне «Астана» кәсiби спортклубы таныстырылады
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Шiлде айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Реал», «Барселона» сынды әлемдік атақты клубтар негiзiнде құрылған «Астана» президенттік спортклубы таныстырылады. Бұл туралы бүгiн Астанада "Самұрық-Қазына"Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқарушы директоры Дархан Қалетаев мәлiм еттi.
"Бiз аталған клубты құруды аяқтадық. Оның таныстырылымын шiлде айында өткiзудi жоспарлаудамыз. Клуб жетекшiлерiн Мемлекет басшысымен кездесуiн ұйымдастырамыз", - деп атап өттi ол. Оның айтуынша, клубты құру идеясы о бастан Қазақстан Президентiне тиесiлi болған.
«Астана» президенттік кәсіби спорт клубы - еліміздің барлық танымал спорттық жобаларын, соның ішінде "Астана" ортақ белгісімен өнер көрсететін "Астана" велокомандасын, "Астана" ралли-командасын, "Қазақстан Барысы" қазақша күресті дамыту қорын, "Астана" баскетбол клубын, "Астана" футбол клубын, "Astana Arlans" кәсіби бокс клубын, "Астана" су добы спорт клубын, "Барыс" хоккей клубын топтастырған жоба. Ал Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильинді қаржыландыру жеке жоба ретінде кіреді.
Басты мақсаты - "Реал", "ЦСКА", "Барселона" және тағы басқа әлемдік атақты клубтар сияқты ұлттық спорттық клуб жасау.
"Астана" президенттік кәсіби спорт клубына елдің имидждік спорт жобалары енетін болады. Атап айтқанда, "Астана" бірлескен бренді астында жұмыс істейтін велоспорт, баскетбол, футбол, бокс, автоспорт, су добы спорттары болады. Олардың басты мақсаты еліміздің танымалдылығын әлемдік аренада таныту болып табылмақ.