Шымкент әкімі футболшылар мен жанкүйерлерге «Ордабасы» клубының жаңа президентін таныстырды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубына жаңа басшы келді. Ол бұл қызметке 3 маусымнан бастап кіріседі. Клуб президентін футболшылар мен жанкүйерлерге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков таныстырды.

Футбол клубының баспасөз қызметінің мәліметінше, қала басшысы Асхат Сейсембекті таныстырды.
«Жаңа басшының футболға тікелей қатысы бар. Бұған дейін ол Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының бас директоры, Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы қызметтерін атқарды»,- делінген мәліметте.
Кездесу барысында футбол клубының жоспарлары мен міндеттері талқыланды. Команданың басты мақсаты – Қазақстан чемпионы атағын қорғау, сонымен қатар іріктеу ойындарында жақсы өнер көрсетіп, УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу.
Әңгіме барысында жанкүйерлер жаңа стадион салу тақырыбын қозғады.
Жақын арада «Бозарық» шағын ауданында спорт аренасының құрылысы басталмақ. Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін «Қажымұқан» стадионын қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Бадам (Михайловское) су қоймасы ауданында екі алаңдық - табиғи және жасанды жабыны бар футбол клубы үшін жаттығу базасын салу жоспарланып отыр.
Еске салсақ, біз бұған дейін шымкенттік «Ордабасы» футбол клубының президенті Бауыржан Абдубаитов қызметінен кеткені туралы жазған едік. Оның мұндай шешім қабылдауына денсаулығы себеп болған.