Шымкент әкімдігі «Той Думан» фестиваліне 300 млн теңге бөлгені рас па

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Әкімдік тек техникалық қолдау көрсетеді, ал негізгі шығынды «Той Думан» телерадио корпорациясы өз міндетіне алған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.

Шымкент әкімдігі жалған ақпарат таратқандарға шара қолдана бастады
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Ресми өкілдің айтуынша, әлеуметтік желілерде тарап жатқан «Шымкенттің қала күніне орай өтетін «Той думан» фестиваліне 300 млн теңге бөлінді» деген ақпарат негізсіз. 

«Бұл – жалған ақпарат. Жалпы жоба екіжақты келісім арқылы жүзеге асып жатыр. Бұған дейін де «Той Думан» телерадио корпорациясы басқа өңірлерде осындай жобаларды өткізген. Шымкентте алғаш рет өткелі отыр. Шара барысында қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, алаң дайындау, сахна орнату секілді техникалық және ұйымдастырушылық жұмыстарды қала әкімдігі қамтамасыз етеді. Ал, негізгі шығын тұтасымен телерадио корпорацияның мойнында. Бұл қала үшін жағымды дүние. Әнші кімнің есебінен келеді, оған қаламақыны кім төлейді, біздің мәселеміз емес», – деді ол.

Сәрсен Құранбек қала күніне арналған мерекелік бағдарламаның мазмұнымен де бөлісті. 10 күнге созылатын іс-шаралар ішінде қол өнер шеберлерінің көрмесі мен оркестрлер шеруі бар.

Оған еліміздің әр аймағынан келген шығармашылық ұжымдар қатысады. «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» атты халықаралық суретшілер симпозиумы ұйымдастырылады. Ал, салтанатты рәсімде «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы беріледі. Сондай-ақ, қала тұрғындары еліміздің өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концерт пен «Той Думан FEST» іс-шарасын тамашалайды.

Қала әкімінің ресми өкілі мәдениет саласында бөлінген 388 млн теңгеге 12 іс-шараны бір мердігер компания ұйымдастыру міндетін алғанын айтты. Ол жыл басынан аяғына дейінге барлық іс-шараны өткізетін болады.

«Наурыз, 7-9 мамыр, Мемлекеттік рәміздер күні, Қала күні, Конституция күні, Республика күні, Тәуелсіздік күні – осының бәрі сол қаражат есебінен жүзеге асады. Бұл шығындардың ішінде сахна мен безендіру жұмыстары да бар. Сондықтан «300 млн теңге Той Думанға бөлінді» деген сөз шындыққа жанаспайды», – деп нақтылады Сәрсен Құранбек.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте таксиді таспен ұрған бойжеткен қамауға алынғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар