Шымкент әкімдігі жалған ақпарат таратқандарға шара қолдана бастады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласында әлеуметтік желілер арқылы тараған жалған ақпараттар бойынша құқық қорғау органдары нақты шаралар қабылдай бастады.

Шымкент қалалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаевтың айтуынша, қалалық су құбыры және канализация басқармасы тарапынан әлеуметтік желілерде жарияланған бірқатар ақпараттарға байланысты полиция департаментіне ресми түрде қатынас хат түскен. Аталған хат негізінде филологиялық сараптама тағайындалып, Қылмыстық кодексінің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
— Сараптама қорытындысына сәйкес, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс қылмыстық емес, әкімшілік сипатта қаралуда. Қазіргі таңда Еңбекші аудандық полиция басқармасында әкімшілік іс жүргізіліп жатыр. Барлық тексеру амалы аяқталған соң, іс әкімшілік сотқа жолданатын болады. Соңғы шешімді сот шығарады, — деді Арман Бейсенбаев.
Бұл мәселеге қатысты Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те пікір білдірді.
— Қалалық су құбыры және канализация басқармасы өз құқықтарын қорғау мақсатында арыз жолдады. Филологиялық сараптама барысында нақты жалған ақпарат таратылғаны, көрінеу жала жабылғаны дәлелденді. Осы бойынша іс жүріп жатыр. Біз, әкімдік ретінде, кез келген мемлекеттік мекемеге жала жабылған жағдайда тиісті шара қолданамыз және өз құқығымызды қорғаймыз. Ал, қоғам алдында ашықпыз, халықпен және БАҚ өкілдерімен ашық жұмыс істеуге дайынбыз, — деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін әлеуметтік желіде Шымкент қаласының әкімі туралы сын пікірлер жарияланып, оның қызметіне байланысты әртүрлі бағалар берілген болатын. Мәселен, әлеуметтік желі қолданушысы жеке үйінің қақпасына қарай жол төсеп беруді сұраған. Сол талабы орындалмаған соң қала басшысын «ең лайықсыз әкім» деп бағалаған.
— Әкімнің жұмысы біреудің жеке үйіне баратын жол салып берумен бағалана ма, жоқ әлде көпшілікке ортақ қолайлы жағдай жасаумен бағалана ма? Бұл жағдайды да ойлану керек. Жалпы әкімнің жұмысын бағалайтын ең жоғары лауазымды тұлға бар. Бұл сол кісінің құзырында. Ал, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бағалау — арнайы уәкілетті органдар мен жоғары лауазымды тұлғалардың құзырында, — деді Сәрсен Құранбек.
Айта кетейік, бұдан бұрын әкімдік Шымкенттегі құрылыс жұмыстарын екі компания бөліп алғаны жайындағы ақпараттың жалған екендігін мәлімдеген болатын.