Шымкент әкімінің экс-орынбасарына сот үкімі шықты

Максут Исахов
Фото: Шымкент әкімдігі

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты сот үкімі шықты. Экс-шенеунікке лауазымды қызметті атқарып жүргенде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қалалық департаменті басшысының бірінші орынбасарына пара беруге оқталды деген айып тағылды.

Үкім Шымкент қаласының қылмыстың істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды.

Сот отырысында сотталушы өз кінәсін мойындамады. Оның қорғаушысы қылмыстың құрамы болмауына байланысты Мақсұт Исаховты ақтауды сұрады. Алайда мемлекеттік айытпаушы экс-шенеунікке қатысты қозғалған істі аса ірі мөлшерде пара беруге оқталу деп өзгертіп, оған 8 жыл 5 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот материалдарына сәйкес, Мақсұт Исаховтың кінәсі дәлелденді.

«Жаза тағайындау барысында сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде асырауында жасөспірім балаларының болуын назарға алды, ауырлататын мән-жайлар іс бойынша анықталмады. Сот қылмыстық кодекстің 55-бабының 2-бөлігін, 56-бабының 3-бөлігін қолдана отырып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл 5 ай 7 күнге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Президентіне мемлекеттік награда «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді»,-делінген Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінде.

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Мақсұт Исахов өткен жылдың шілде айында қамауға алынды.

Қылмыстық іс бойынша айыптау актісіне сәйкес, 2020 жылы қаладағы жылу құбырын жөндеу үшін өткізілген тендерге байланысты дау туған. Тендерді жеңіп алған құрылыс компаниясы әкімнің бірінші орынбасарының үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсіріп, қылмыстық іс қозғалған. Алайда бұл істі жабу үшін Мақсұт Исахов Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа 200 мың доллар көлемінде пара беруге оқталған.

Мақсұт Исахов Шымкент әкімінің орынбасары лауазымына 2020 жылдың ақпанында тағайындалған.

Соңғы жаңалықтар