Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкент әуежайындағы жағдайға байланысты FlyArystan-ның екі рейсінің бағыты өзгертілді

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың 22 шілдеміндк Шымкент әуежайының ұшу-қону жолағы уақытша жабылуына байланысты FlyArystan әуе компаниясының екі рейсінің бағыты өзгертілді. Әуе кемелері Ақтау мен Алматыдан Шымкентке бағыт алған. Осыған байланысты басқа да рейстер кешікті. 

Шымкент әуежайындағы жағдайға байланысты FlyArystan-ның екі рейсінің бағыты өзгертілді
Photo credit: FlyArystan / Telegram account

Бұл туралы алдымен әлеуметтік желілерде ақпарат тарады. Кейін мән-жайды FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметі түсіндірді.

Компанияның мәліметінше, Ақтау — Шымкент бағыты бойынша ұшқан FS7580 рейсі Алматы әуежайына қонған. Ал Алматы — Шымкент бағытындағы FS7105 рейсі Шымкент әуежайының ұшу-қону жолағы уақытша жабылғандықтан Алматыға кері қайтарылған.

Ұшу-қону жолағы қайта ашылғаннан кейін FS7580 рейсі жергілікті уақыт бойынша сағат 01:21–де Шымкентке ұшып шыққан. Ал FS7105 рейсі Алматыдан 02:56–да қайта жолға шыққан.

Ұшу-қону жолағының уақытша жабылуына байланысты Шымкент — Ақтау бағытындағы FS7579 және Шымкент — Алматы бағытындағы FS7106 рейстері де кешіктірілді.

FlyArystan бұл шешімдердің әуе компаниясына байланысты емес жағдайларға байланысты қабылданғанын мәлімдеді. Компанияның айтуынша, басты басымдық — ұшу қауіпсіздігі.

Еске салайық, қазақстандық әуе компаниясы Air Astana ұшақтарында спутниктік интернетті енгізуді жоспарлап отырғаны туралы жаздық. Жаңа технологияны сынақтан өткізу биылғы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.