Шымкент айналма жолындағы бетон жабындынан ақау анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласының солтүстік айналма жолындағы цементбетон жабындысының бір бөлігінде ақау анықталып, профилактикалық жұмыстар басталды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол».

а
Фото: ҚазАвтоЖол

7 маусымда автомобиль жолдарының жай-күйіне жүргізілген жоспарлы мониторинг барысында «ҚАЖсервис» ЖШС Түркістан облыстық филиалының мамандары республикалық маңызы бар KZ17-01 Шымкент қаласының солтүстік айналма жолының 2257+300 шақырым учаскесінде цементбетон жабындысының ақауын тіркеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, ақаудың пайда болуына ауа температурасының +35...+37 градусқа дейін күрт көтерілуі себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бетон плиталары кеңейіп, жол жабыны ішінде қосымша кернеу қалыптасады.

- Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ақаудың ұлғаюына жол бермеу мақсатында аталған учаскеде жедел профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды.

Қазір мамандар жол жабынының техникалық жай-күйін тексеріп, жүру бөлігін қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Жұмыс жүргізіліп жатқан аумақта уақытша жол белгілері орнатылған. Қозғалыс қауіпсіздігін жол қызметтері қамтамасыз етуде, - делінген ақпаратта.

Осыған байланысты жүргізушілерге белгіленген жылдамдық режимін сақтап, уақытша жол белгілерінің талаптарын орындау және аталған учаскеден өту кезінде барынша мұқият болу ұсынылды.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, жаз мезгілінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы цементбетон жабындарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл жұмыстар ықтимал ақауларды дер кезінде анықтап, жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Алматыда LEZ жобасы аясында жол белгілері орнатылып жатыр.