Шымкент пен Түркістан облысында жазғы ауа райы қандай болады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Өңірге тән температура сақталады және жауын-шашын сирек жауады. 

Шымкент пен Түркістан облысында жазғы ауа райы қандай болады
Фото: Pixabay.com

«Қазгидромет» синоптиктері Түркістан облысы мен Шымкент қаласының алдағы жазға арналған маусымдық болжамын ұсынды. 

— Жаз бірқалыпты ыстық болады деп күтіліп отыр. Алайда жоғары температура кезеңдері — +35-тен +39 °C-қа дейін, ал кей күндері термометр көрсеткіштері +45 °C-қа дейін көтеріледі деп болжанды. Жазда күн күркіреп, қысқа мерзімді жаңбыр да жауады, бірақ ұзақ уақыт бойы жауын-шашынсыз ашық ауа райы сақталуы мүмкін, - деп атап өтті «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова. 

Метеорология мұрағатында қызықты деректер бар. Мысалы, абсолютті ең төменгі температура 1961 жылдың маусымында тіркелген. Ондағы күн райы бар болғаны +5 °C болған. Шкаланың қарама-қарсы жағында абсолютті максимум 1958 жылдың шілдесінде тіркелген. Мұнда термометр +47,2 ° C-қа жеткен. 

Жазғы тұрақты ауа райы басталмай тұрып, оңтүстік өңірлер көктемгі өтпелі маусымды бастан кешіреді. 

— Жазғы ыстық ауа райы сәуір мен мамырдың басында басталуы мүмкін. Мәселен, өткен жылы сәуір айының ортасында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы +22…+30 °C-қа жетті, - деп хабарлады синоптиктер. 

Алдағы күндері, наурыз айының соңына дейін еліміздің оңтүстігінде салқын ауа-райы сақталады. Түнде -5 °C-тан +11 °C-қа дейін салқын күтілуде, ал күндіз ауа температурасы +1…+13 °C-қа дейін көтеріледі. 

Биылғы жазда маңғыстаулықтарды қандай ауа райы күтіп тұрғанын мына сілтеме арқылы оқыңыз. 

Соңғы жаңалықтар