Шымкент пен Түркістанда аптап ыстық жалғасады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Еліміздің оңтүстігінде аптап ыстықтың беті қайтар емес. Шымкент пен Түркістан облысында ауа температурасы +40 градустан жоғары болып тұр.
Әлеуметтік желілерде көшедегі термометрдің көрсеткіші +66 градусқа жуықтаған видео кеңінен тарады. Бейнежазба авторы бір термометрді күннің астына, екіншісін көлеңкеге қойып, олардың көрсеткішін салыстырған.
— Шымкент, 12 шілде. Күн астында +64 градус, тіпті +66-ға жуықтап тұр. Ал көлеңкеде +41 градус, — дейді видеода жергілікті тұрғын.
Метеорологтар күнделікті қолданылатын термометр көрсеткіші мен ресми деректердің айырмашылығы өлшеу әдісіне байланысты екенін түсіндірді. Синоптиктер ауа температурасын халықаралық талаптарға сәйкес тек көлеңкеде өлшейді.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 12 шілдеде Шымкентте ауа температурасы +38,2°C болды.
— Түркістан облысындағы ең жоғары температура +42°C деңгейінде тіркелді. Бұл көрсеткіш облыстың солтүстік-шығысындағы Қызылқұм метеостанциясында байқалды. Жалпы өңірде күндізгі температура +34-тен +42°C аралығында болды, — деп хабарлады ведомство ресми сауалға берген жауабында.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері өңірде ыстық одан әрі күшейеді. 14 шілдеде Шымкентте ауа температурасы +39…+41°C-қа дейін көтеріледі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
Ал 15-16 шілде күндері күндізгі ауа температурасы +42…+44°C болады. Түнгі температура +23…+25°C шамасында сақталады.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті 17 шілдеге дейін қала аумағында жоғары өрт қаупі сақталатынын ескертті.
— Құрғақ әрі ыстық ауа райында өрт шығу қаупі айтарлықтай артады. Азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, отты пайдалану кезінде барынша сақ болуға шақырамыз. Өрт белгілері байқалған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарлау қажет, — делінген ведомствоның хабарламасында.
Аптап ыстық Шымкентпен көршілес Түркістан облысында да сақталады. Синоптиктердің мәліметінше, 14-15 шілдеде өңірдің басым бөлігінде көлеңкедегі ауа температурасы +44°C-қа дейін жетеді. Бейсенбі күні кей жерлерде +46°C, ал таулы аудандарда +37°C болуы мүмкін. Алдағы күндері жауын-шашын болмайды.
Бұған дейін синоптиктер Қазақстанның оңтүстігіне Өзбекстан аумағынан құрғақ әрі ыстық ауа массаларының келуі жалғасатынын хабарлаған болатын. Соның әсерінен өңірде ауа температурасы +40-45°C шамасында сақталады. Ал елдің солтүстік өңірлерінде солтүстік-батыс циклонының ықпалымен жаңбыр, найзағай және бұршақ болжанып, ауа температурасы +25-30°C-қа дейін төмендейді.
Айта кетейік, «Қазгидромет» синоптиктері 13 шілдеде еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялаған болатын.