Шымкент түлектеріне сыйлық беру, аниматор мен кортеж жалдауға тыйым салынды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. — Шымкентте оқу жылының аяқталуы қарсаңында полиция мен бейінді ведомстволар күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Жаңа бақылау шаралары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіптің бұзылуын қадағалау және ата-аналардан заңсыз ақша жинауды болдырмауды көздейді.
Биыл Шымкент мектептерін 40 мыңнан астам түлек бітіреді. Негізгі орта білімді 24 174 тоғызыншы сынып оқушылары аяқтайды. Ал 16 032 он бірінші сынып бітірушілері жалпы орта білім туралы аттестат алуға дайындалып жатыр. Оқу жылы ресми түрде 25 мамырда аяқталады. Бұл күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты өткізіледі.
Салтанатты жиын мен аттестат тапсыру рәсімін тек мектеп аумағында өткізуге рұқсат берілді. Шымкентте мерекелік шараларды мектептен тыс жерде өткізуге қатаң тыйым салынады.
Білім басқармасы мектеппен қоштасу сәті ешқандай сән-салтанатсыз, белгіленген талаптарды бұзбай өтуі тиіс деп ескертті. Сондай-ақ, ақша жинауға тыйыммен бірге коммерциялық ойын-сауық атрибуттарын пайдалану құқығы да шектелді.
— Бітіру кешіне аниматорларды, мерекелік агенттіктерді немесе жеке студияларды тартуға үзілді-кесілді тыйым салынды. Дастарқан жаюды ұйымдастыруға және мектеп әкімшілігі мен педагогтерге сыйлықтар үшін ақша жинауға жол берілмейді. Оқушылардың сырт келбеті мектеп формасына қатаң сәйкес келуі тиіс, бұл ретте шамадан тыс әрлену мен тым қымбат киімдер сатып алуға шектеу қойылады, — деп хабарлады қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Дәрібаева.
Сонымен қатар, қалалық полиция департаменті де қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Құқық қорғау органдары автокортеждерді, түлектердің қала сыртына шығуы мен жол қозғалысы ережелерін бұзу әрекеттерінің алдын алуды жоспарлап отыр.
Құқық қорғау органдары соңғы қоңырау күні арнайы тексеріске әр мектепке екі қызметкерден бекітілетінін түсіндірді. Оған қоса бірнеше білім беру мекемесіне ведомствоның басшы өкілдері қосымша жетекшілік ететін болады.
— Жалға алынған автокөліктермен қала көшелерінде, сондай-ақ қала сыртындағы су айдындары мен демалыс аймақтарына жаппай шығуын болдырмау үшін мегаполиске кіреберіс пен шығаберісінде, саябақтарда және жастар көп жиналатын орындарда арнайы бекеттер қойылады. Жедел басқару орталығының бейнебақылауы арқылы тәулік бойы қала көшелеріндегі жағдайды бақылау жүзеге асады. Біздің міндетіміз — мереке күндері жастар арасындағы құқықбұзушылық пен жарақаттану жағдайларына жол бермеу, — деп атап өтті Шымкент қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Данабай Әлиев.
Көшелерді патрульдеумен қатар, полицейлер мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындары мен қоғамдық жерлерде жүруіне жол бермеу үшін ата-аналар жиналысын өткізеді және кезекшілік ұйымдастырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектеп бітіру кештеріне жалпыға ортақ тәртіп енгізгенін жаздық.
Аяулым Қанатқызы