Шымкент зообағының қоршауы неге батып барады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы хайуанаттар бағының қоршауына қатысты видео тарады.
Тұрғындар жариялаған бейнежазбалардан жол жиегіндегі тротуар деңгейінен зообақ қоршауының төмен орналасқаны көрінеді. Бейнежазба авторлары нысанның сыртқы аумағы батып бара жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірген.
Осыған қатысты Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы ресми түсінік берді.
Зообақтың мәліметінше, жолайрық құрылысы барысында жер деңгейінің өзгеруіне байланысты сыртқы қоршаудың жекелеген бөліктерінің биіктігі төмендеп кеткен.
– Қазіргі таңда жолайрық құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекемемен аталған мәселе бойынша тиісті келісім бар. Қоршауды қалпына келтіру және биіктету бойынша бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Жоспарға сәйкес, қолданыстағы қоршаудың үстіңгі бөлігі қосымша конструкциялар арқылы биіктетіліп, қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріледі. Сонымен қатар қоршаудың сыртқы келбеті зообақтың жалпы сәулеттік бейнесіне сай жасалады, – делінген ведомство хабарламасында.
Зообақ әкімшілігі тиісті жұмыстар жолайрық құрылысы аяқталғанға дейін жүргізіліп, зообақтың сыртқы қоршауы қалпына келтірілетінін мәлім етті.
Бұған дейін зообақ маңында салынып жатқан жолайрыққа байланысты тұрғындардың көлік кептелісіне шағымданғанын жазған едік.