Шымкентте 3 млн теңге жүлде қоры бар халықаралық IT додасы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Digital Qazaqstan 2026 форумы аясында Шымкент қаласында өңірдегі ең ірі IT іс-шаралардың бірі — Central Asia Programming Championship 2026 халықаралық спорттық бағдарламалау чемпионаты өтеді.
Бұл дода Орталық Азияның дарынды бағдарламашыларын бір алаңға жинайды.
Байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінен 20 жастан асқан қатысушылар қатысады. Онлайн іріктеу кезеңі 28 ақпанда өтеді, ал финал 2026 жылғы 27 наурызда Шымкентте офлайн форматта ұйымдастырылады.
Жалпы жүлде қоры — 3 млн теңге: бірінші орынға — 1,5 млн теңге, екінші орынға — 1 млн теңге, үшінші орынға — 500 мың теңге беріледі.
Жарыс жеке форматта өтеді. Бұл әр қатысушыға халықаралық деңгейдегі ICPC стиліндегі алгоритмдік тапсырмалар арқылы өз білімін, логикалық және талдау қабілетін көрсетуге мүмкіндік береді. Финалға әр елден үздік үш қатысушы жолдама алады. Бұған қоса, ұлттық квотаға енбеген, бірақ жоғары нәтиже көрсеткен тағы 25 қатысушы финалға өтеді. Осылайша шешуші кезеңде өңірдің ең мықты бағдарламашылары бақ сынайды.
— Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға басымдық беріп отырған кезеңде мұндай бастамалардың маңызы арта түседі. Central Asia Programming Championship жай ғана жарыс емес, жаңа инженерлік ортаны қалыптастыратын, өңірлік ынтымақтастықты нығайтатын және Орталық Азияның IT-таланттарының әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін нақты алаң. Біз мықты әзірлеушілерге халықаралық сарапшылармен тікелей байланыс орнатуға, жаһандық технологиялық жобаларға қатысуға және кәсіби тұрғыда өсуге жағдай жасауды маңызды деп санаймыз, — деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары — цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев.
Чемпионатқа қатысу тегін. Финалистердің жол шығынына 100 000 теңгеге дейінгі қаражат және тұру шығындарын ұйымдастырушылар өтейді.
— Біз үшін бұл чемпионат тек жарыс қана емес, өңірдегі мықты технологиялық қауымдастықты біріктіретін алаңға айналуы тиіс. Дарынды әзірлеушілер өз мүмкіндігін көрсетіп, халықаралық сарапшылардан кері байланыс алып, индустрия өкілдерімен тікелей байланыс орната алады. Central Asia Programming Championship — Орталық Азиядағы жаңа буын инженерлерін дамытуға қосылған үлес, — деді Alem.ai Foundation директоры Адина Магавина.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионатқа қатысу тек ақшалай жүлдемен шектелмейді. Қатысушылар күрделі алгоритмдік тапсырмалар арқылы өз деңгейін сынап, өңірлік және халықаралық IT-компаниялардың назарын аудара алады, кәсіби байланыстарын кеңейтіп, серіктес компаниялардан жұмыс ұсынысын алу мүмкіндігіне ие болады.
Чемпионатты Alem.ai Foundation, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы және Astana Hub ұйымдастырады. Іс-шара Higgsfield.ai және AGI Lab қолдауымен өтеді.
Айта кетелік Алматыда алғаш рет әлемдегі ең ірі IT-көрмелердің бірі өтетіні туралы жазған едік.