Шымкентте 92 жастағы тыл ардагері ауыр хәлде жабық пәтерден табылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Оқиға туралы хабар еріктілерден әлеуметтік желілер арқылы түскен.

Қала әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметі бойынша, оқиға Асқар көшесіндегі пәтерлердің бірінде болған. 1933 жылы туған қарт әйел қараусыз қалған. Көршілері ол бірнеше күн бойы пәтерден шықпай жүргенін, ал оған бұрын күтім жасаған әпкесі жоқ екенін байқап, дабыл қаққан.
– Оқиға орнына әлеуметтік бейімдеу орталығының мобильді тобы барды. Мамандар есіктің ішінен бекітілгенін байқап, бірақ саңылаудан әйелдің бөлмеде жатқанын көрген, - деп хабарлады басқарма қызметкерлері.
Оқиға орнына учаскелік полицейлер, дәрігерлер және Төтенше жағдай қызметкерлері келген соң, есік ашылды.
Зейнеткер ауыр жағдайда табылып, дереу әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізілді. Онда оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді және тамақтандырып, гигиеналық күтім және медициналық бақылауға алу жұмыстары ұйымдастырылды.

Қазір аталған жағдай бойынша құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, оқиға еріктілердің күш-жігерінің арқасында кең көлемде қоғамдық резонансқа ие болды. Бұрын олар тыл ардагері тұратын пәтерден видео жариялаған болатын.
Кадрлардан санитарлық жағдайдың нашарлығын көруге болады. Белсенділердің айтуынша, қарт әйел бұрын қарттар үйінде болған, бірақ оны әпкесі алып кеткен. Алайда әпкесі тиісті күтім жасамаған деп болжанып отыр.
Еске салайық, бұдан бұрын Шымкентте жүргізуші куәлігін заңсыз берумен айналысқан топ ұсталғанын жазған болатынбыз.