Шымкентте А-2 тас жолының бір бөлігі бір айға жабылады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Қаладағы А-2 автомобиль жолы құрылыс жұмыстарына байланысты жабылатын болды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімдігі хабарлады.

Жолдың жабылатын бөлігі – Жандарбеков көшесінен бастап Отырар көшесі, «Нұр» аялдамасына дейінгі аралық. Бұл учаскеде көлік қозғалысы 2025 жылғы 18 тамыздан 18 қыркүйекке дейін, яғни бір айға тоқтатылады.
Автомагистраль А-2 – Шымкентті айналып өтіп, Ташкент – Алматы бағытымен созылып жатқан ірі жол. Ол қаланы Қазақстанның басқа өңірлерімен және Өзбекстанмен байланыстырады. Бұл трассамен тәулігіне 15 мыңға дейін автокөлік, соның ішінде үлкен көлемдегі транзиттік жүк көліктері өтеді.
– Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Айналып өту жолы сызбада көрсетілген. Көлік бағыттарын алдын ала жоспарлаңыздар, - делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте теміржол үстінен салынып жатқан жаңа көлік өткелінің 50%-ы дайын болғанын жазған болатынбыз.