Шымкентте әкімшілік рақымшылық аясында 55 мыңнан астам азаматтың айыппұлы кешірілді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында тұрғындардың 2 млрд теңгеге жуық әкімшілік айыппұлы есептен шығарылды.
Шымкентте жеке тұлғалардың төленбеген әкімшілік айыппұлдарына қатысты жарияланған әкімшілік рақымшылық аяқталды. Рақымшылық 2026 жылғы 2 шілдедегі жағдай бойынша өтелмеген әкімшілік айыппұлдарға қатысты қолданылды.
– Рақымшылық – ізгілік қағидатына негізделген бір реттік шара. Ол азаматтарды болашақтағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Сонымен қатар заң талаптары соттардың қарауындағы құқық бұзушылықтарға және заңнамада нақты көзделген өзге де санаттарға қолданылмайды, – деп хабарлады Шымкент қаласының прокуратурасы.
Нәтижесінде қалада 55 мыңнан астам тұрғынға қатысты 106,9 мың әкімшілік іс бойынша өндіріп алу тоқтатылды. Кешірілген айыппұлдардың жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеден асты.
Ведомство мәліметінше, рақымшылық прокуратураның мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы мен мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуының арқасында барлық рәсімдер азаматтардың қатысуынсыз өткізілді.
Осыған байланысты тұрғындарға мемлекеттік органдарға жүгіну, өтініш беру немесе қосымша құжат тапсыру талап етілген жоқ.
Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, рақымшылық тек қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірмейтін және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірмейтін жағдайларда ғана қолданылады.
– Бұл – еліміздегі ең ауқымды әкімшілік рақымшылықтардың бірі. Оның нәтижесінде азаматтардың қаржылық жүктемесі жеңілдеп, заң талаптарының ел аумағында бірізді қолданылуына мүмкіндік жасалды, – деп мәлімдеді Шымкент қаласы ПД.
Бұған дейін Жаңа Конституцияға орай рақымшылық жарияланғаны туралы хабарлаған едік.