Шымкентте алимент төлемеген 119 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған сот актілерінің орындалуын бақылау жұмыстарының нәтижесін жариялады.
Прокуратура мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде 119 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Олардың 81-іне әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылды.
Сонымен қатар балаларды асырау міндетінен жалтарған азаматтарға қатысты 29 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, оның 22-сі сотқа жолданған.
Қадағалау органының мәліметіне сәйкес, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 384 млн теңге көлемінде алимент өндірілді.
Шымкент қаласының прокуратурасы кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу міндетін орындамау қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес, алимент төлеуден жалтарғаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Алматы облысында алимент төлеуден жалтарған 95 адам қамауға алынды.