Шымкентте алимент төлемеген 31 адам қылмыстық жауапқа тартылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 31 адамға қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова брифингте мәлімдеді.
Бүгінде Шымкентте алимент өндіруге қатысты 13 845 атқарушылық іс тіркелген. Оның 3 287-сінде берешек қалыптасқан, яғни бұл борышкерлер үш айдан астам уақыт алимент төлемеген.
— Мұндай жағдайда сот орындаушылары мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады. Биыл алимент төлеу міндетін орындамаған 31 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ 215 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 132 борышкер әкімшілік қамаққа алынды, — деді Айнұр Исабекова.
Оның айтуынша, алимент бойынша берешегі бар азаматтар жергілікті мансап орталықтары арқылы жұмысқа орналаса алады. Биыл сот орындаушыларының көмегімен 254 борышкер жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар қалада бүгінде 163 сот орындаушысы жұмыс істейді. Оның сегізі — мемлекеттік, қалғаны — жекеменшік сот орындаушылары. Спикердің айтуынша, робот-сот орындаушыларының құзыретін кеңейтуге басымдық беріліп отыр.
— Қазір робот-сот орындаушы жүйесі 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі өндіріп алу істерін қарайды. Жарты жылда аталған жүйе 15 мыңнан астам атқарушылық істі орындап, мемлекет пайдасына 338 млн теңге өндірді. Жаңа заң күшіне енгеннен кейін бұл шек 40 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды, — деді ол.
Брифингте зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселесі де сөз болды. Жыл басынан бері қалада бөтеннің тауар таңбасын заңсыз пайдаланған 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 2,7 млн теңгеден асатын айыппұл салынған. Сондай-ақ заңсыз айналымнан құны 6 млн теңгеден асатын 2 092 дана контрафактілік тауар алынып, жойылған.
Бұған дейін Шымкентте 29 мыңнан астам азамат мүлік салығын төлемегенін жазған едік.