Шымкенттегі «Алаш» базары саудагерлерінің мәселесі қалай шешіледі

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде «Алаш» базарының маңында тұрғындардың көлік жүретін жолды бөгеп, наразылық білдірген видеосы жарияланды.

Шымкентте базар маңында тұрғындардың жолды жапқан видеосы тарады
Фото: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, бұл жағдай базардағы сауда нүктелерін қайта жаңарту жұмыстарына қатысты туындағаны айтылған. 

Аталған базардың қызметіне қатысты түрлі ақпараттардың таралуына байланысты Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдері ресми түсінік берді.

Олардың мәліметінше, базар аумағында 200-ден астам бір қабатты, ескірген сауда нүктелерінен тұратын сауда павильонын жаңғырту және қайта жаңарту жұмысы жоспарланған.

— Бұл сауда орындарының қауіпсіздігін, санитарлық талаптарға сәйкестігін және келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жүргізіледі, — деп хабарлады қала әкімдігі.

Сонымен қатар, қайта жаңарту барысында бірде-бір кәсіпкер сауда орнынсыз қалмайтыны атап өтілді.

— Базар әкімшілігі тарапынан барлық саудагерге баламалы сауда орындары — уақытша немесе тұрақты орындар ұсынылады. Қазіргі уақытта кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп мәлімдеді әкімдік.

Сондай-ақ базар басшылығы тұрғындар мен кәсіпкерлерді тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

— Әлеуметтік желілерде таралып жатқан расталмаған ақпараттарға сенбеулеріңізді және тек ресми дереккөздерге ғана сүйенулеріңізді сұраймыз, — деп атап өтті ведомство өкілдері.

Бұдан бұрын Шымкенттегі «Көктем» базары көшірілетінін жазған едік.