Шымкентте биыл жазғы лагерьлерде қанша оқушы демалады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте балалар демалысына қала бюджетінен 755 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Лагерь лицензиясы
Фото: freepik.com

Биыл Шымкент қаласында жалпы орта білім беру ұйымдарындағы 262 790 оқушының 245 753-ін жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр.

Қалалық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, оқушылардың 11 495-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен, 9 516-сы ата-аналар мен демеушілердің қолдауымен, ал 102 бала кәсіподақ ұйымы арқылы қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Бұдан бөлек 224 640 бала мектеп жанындағы алаңдарда уақытын тиімді өткізбек.

— Жазғы кезеңде жоғары оқу орындары және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарымен бірлесіп, 7-8 сынып оқушыларына арналған «PROF START» жобасы мен 9-10 сынып оқушыларына арналған «EduCampShym» жобасы жүзеге асырылады. Аталған жобалар аясында 60 105 оқушы қамтылады, — деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Дәрібаева.

Сондай-ақ жаз айларында 11 мыңнан астам баланың қала сыртындағы лагерьлерде демалыспен қамтуға бюджеттен 755 млн 243 мың теңге бөлінген. Бұл ретте мемлекеттік қолдауға мұқтаж, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға басымдық беріледі.

Аталған қаржы аясында аз қамтылған отбасылардан шыққан 11 200 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен қамтылады. Оның ішінде 1200 бала білім басқармасына қарасты «Ақсу» лагерінде демалса, тағы 10 мың бала мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы анықталған лагерлерге жіберіледі.

Сонымен қатар дарынды балаларға арналған мектептердің 160 оқушысы жазғы демалыспен қамтылады. Ал балалар үйінің 135 тәрбиеленушісі қала сыртындағы лагерлерде үш ай бойы тынығады.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап елімізде алғаш рет балалар сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялау жүйесі енгізілді.