Шымкентте былтыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 56 адам сотталған

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Аудандық соттарға өткен жылы 60 мыңнан астам азаматтық іс пен арыз түскен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 24,6 пайыз артық.

Жамбылда жасөспірім сотталды
Фото: ChatGPT/t.me/jambyl_sottary

Шымкент қалалық сотының мәліметінше, 2025 жылы соттарға 3 350 тұлғаға қатысты 2 856 қылмыстық іс түскен. Оның басым бөлігі – ұрлық пен алаяқтық. Жалпы істердің үштен бірі осы санатқа жатады. Алаяқтардан келген шығын 2 млрд теңгеден асады.

Ал сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша 56 тұлғаға қатысты 25 қылмыстық іс үкім шығарумен аяқталған.

– Өткен жылы сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысты 34 тұлғаға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, 11 тұлғаға айыппұл, 9 тұлғаға бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылды. Ал 2 тұлғаға қатысты шартты түрде жазасын өтеу тағайындалды. Жалпы сомасы 189 млн теңге айыппұл салынып, оның 180 млн теңгесі мемлекет кірісіне өндірілді, – деді қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Б.Дүйсебеков.

Сонымен қатар өткен жылы аудандық соттарға 60 233 азаматтық іс пен арыз түскен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 24,6 пайызға артық. Оның ішінде 24 097 іс бойынша шешім шығарылып, іс жүргізу аяқталған.

Азаматтық істердің негізгі бөлігі шарттық және отбасылық қатынастардан туындайтын дауларға тиесілі болып, жалпы істердің 45,4 пайызын көрсеткен. Бұдан бөлек, 3 692 азаматтық іс татуласу рәсімі арқылы аяқталған, оның ішінде негізгі үлес медиацияға тиесілі.

Бұдан бұрын Шымкентте университет басшылығы нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар