Шымкентте бір тәулік ішінде 52 адам қызылша жұқтырды
Шымкентте қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз, деп хабарлайды Kazinform.

Шымкентте қызылша жұқтырғандар саны 3000-нан асты. Бұл зертханалық түрде расталып отыр. Науқастардың 88,9 пайызы вакцина алмаған. Оның 84,8 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Соңғы аптада қалада 345 адам қызылша жұқтырса, соңғы тәулікте 52 жағдай тіркеліп отыр.
Шымкент қаласының эпидемиолог мамандары қызылшаға қарсы екпе алғандар қатары артқанда ғана эпидемиологиялық ахуал тұрақтанатынын жеткізді.
«6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау науқаны басталды. Өкінішке қарай, адамдар арасында вакциналардың кез келген түріне сенімсіздікпен қарайтындар бар және олар вакцинаны алғанша ауырғанды жөн көреді. Бұл дұрыс емес. Қызылшаның арнайы емі жоқ және асқыну салдары күшті. Сондықтан бұл қауіпті инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы – вакцина алу», - деді Шымкент қаласы СЭБД басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.