Шымкентте бұрынғы әйелін жаралаған күдікті қамауға алынды - ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шымкентте бұрынғы әйеліне пышақ алып жүгірген күдіктіге қатысты іс бойынша пікір айтты.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Шымкентте бұрынғы күйеуі әйелінің мойны мен омыртқасын пышақпен жаралағаны туралы ақпарат тарады. Жәбірленушінің төрт баласы бар.
- Аталған дерек бойынша «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдікті сот шешімімен қамауға алынды. Тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу аясында кешенді медициналық сараптама жасалады. Мен бұл қылмыстық істі жеке бақылауымда ұстаймын, - деді С. Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Жамбыл облысында жанармай құю бекетінде мотоцикл жүргізушісін жаралаған күдікті екі айға қамауға алынғанын айтты.