Шымкентте дәрігерлер биіктен құлаған науқасқа сирек кездесетін ота жасады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың дәрігерлері сегізкөз сүйегін қайта қалпына келтіру бойынша жоғары технологиялық отаны сәтті жүргізді. Бұл – елімізде сирек жасалатын, күрделі ота.

п
Фото: Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы

Дәрігерлердің айтуынша, 45 жастағы науқас 5 метр биіктен құлап, сегізкөз сүйегін сындырған. Сүйек екіге бөлінген мұндай жарақат аса қауіпті саналады. Себебі, адамның жүйке жүйесіне зақым келіп, жамбас қуысы ағзаларының қызметі бұзылады, соның салдарынан науқастың өмір бойы төсекке таңылып қалу қаупі бар.

– Күрделі ота барысында дәрігерлер арнайы құрылғыларды қолдана отырып, сүйекті анатомиялық қалпына келтірді. Бұл әдіс қазақстандық дәрігерлердің ғылыми еңбектерінің нәтижесінде әзірленіп, диссертациялық деңгейде зерттелген. Травматолог дәрігерлер бригадасының кәсіби шеберлігінің нәтижесінде операция сәтті өтті, – деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің бақылауында.

Бұдан бұрын Алматыда егде жастағы науқастарға наркозсыз жүрек қақпақшасын ауыстыру отасы жасалғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар