Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкентте екі жылда 46 шетел азаматына нейрохирургиялық ота жасалды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте шетел азаматтарына күрделі нейрохирургиялық оталар жасалып жатыр. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков брифингте мәлімдеді. 

Алматыда жүрекке жылына 500 ашық ота жасалады
Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Оның айтуынша, шетел азаматтары көбіне жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін жүгінеді.

Басқарма басшысының мәліметінше, Шымкент қалалық № 2 ауруханасында 2024-2025 жылдары 46 шетел азаматына нейрохирургиялық ота жасалған.

— Оның ішінде 22-сі Тәжікстаннан, 14-і Өзбекстаннан, 5-і Қырғызстаннан келген. Сондай-ақ Ресей, Швейцария, Моңғолия, Түркия және Молдова елдерінің азаматтары да бар. Пациенттердің басым бөлігі ми ісіктерін алып тастау, бет аймағындағы ауырсыну кезінде микроваскулярлық декомпрессия жасау, ми тамырларының патологияларына байланысты күрделі оталар үшін жүгінді, — деді Қайрат Қалибеков.

Биылдың өзінде Шымкентте Тәжікстанның төрт, Өзбекстанның екі азаматына және Швейцариядан келген бір пациентке нейрохирургиялық ота жасалған.

Спикердің сөзінше, көршілес елдерден келетін науқастар санының артуына отандық мамандардың халықаралық тәжірибе алмасу жұмыстары да ықпал етіп отыр. Сонымен қатар медициналық қызмет құны шетелмен салыстырғанда қолжетімді, ал емдеу мекемелері заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Бұған дейін Қазақстанда бір жылда жүрекке 13 мыңнан астам ашық операция жасалғанын жазған едік