Шымкентте ерекше жандарға арналған заманауи оңалту орталығы салынып жатыр
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асуда.
Қала әкімдігінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары 2024 жылдың желтоқсан айында басталған. Нысан Бозарық шағынауданында орналасқан.
Кешеннің жалпы аумағы 5,3 гектарды құрайды. Жоба бес блоктан тұрады және халықаралық талаптарға сай жабдықталады.
Орталықта І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық форматта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Бұл қызметтер ерекше жандардың өмір сапасын арттыруға, қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған.
Жоба аясында спорт залы, емдік-сауықтыру бассейні, акт залы, үш қабатты оңалту корпусы, кең асхана, екі қабатты стационар және қосымша техникалық нысандар қарастырылған.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталған.
– Барлық жұмыс тиісті талаптар мен сапа стандарттарына сәйкес жүргізілуде. Нысан құрылысында 262 жұмысшы еңбек етіп жатыр, – деп мәлімдеді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жобаны 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл бастама Шымкенттің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мегаполис ретіндегі әлеуетін арттырып, тұрғындар үшін қолайлы әрі қамқор орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.