Шымкентте есірткі таратумен айналысқан бір отбасының үш мүшесі сотталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Сотталушылар есірткіге тапсырысты интернет арқылы қабылдаған. Содан сатып алушыларға дозалық есірткі орамаларын дайындап, қала аумағында жасырын орындарға қалдырып жүрген.

Жедел іс-шаралар кешенінің нәтижесінде полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бір отбасының 3 мүшесі мен олардың 2 серіктесін анықтады.
Тұрғылықты жерлерін тексеру кезінде есірткі заттары және оларды өлшеп-орауға арналған жабдықтар табылып, тәркіленді.
«Тергеу барысында полицейлер барлық дәлелдемелерді жинап, қылмыстық істі сотқа жолдады. Отбасының 22 жастағы ұлы, яғни қылмысты ұйымдастырушы сот үкімімен 18 жылға бас бостандығынан айырылды, қалған 4 кінәлі тұлғаның әрқайсысы 16 жылға сотталды» - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.