Шымкентте кәмелетке толмаған қызға шабуыл жасамақ болған жасөспірім ұсталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында жасөспірімнің кәмелетке толмаған қыз балаға шабуыл жасауға әрекеттену фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әлеуметтік желіде тараған полиция көліктері мен көше бейнебақылау камераларынан алынған кадрлар түрлі қауесетке себеп болды. Полиция аталған оқиға бойынша тергеу басталғанын және күдіктінің ұсталғанын растады.
Әлеуметтік желіде 15-17 жас шамасындағы жасөспірімнің кәмелетке толмаған қыз балаға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет жасауға талпынғаны туралы ақпарат тарады.
Жарияланымдарда оның ұсталғаны айтылып, дәлел ретінде полицейлік автокөліктер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері бейнеленген видеолар ұсынылды. Авторлардың мәліметінше, кадрлар жасөспірімді іздеу барысында түсірілген.
Кейінірек желіде көше бейнебақылау камераларынан алынған тағы бір бейнежазба пайда болды. Онда жасөспірімнің қолына қыз баланы көтеріп алып жүгіріп бара жатқан сәті көрінеді. Дәл осы жазбалар әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар мен қызу талқылаулардың таралуына негіз болды.
Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, инциденттің болғанын және тергеу басталғанын растады.
Полиция мәліметінше, 1 ақпанда ішкі істер органдарына жасөспірімнің кәмелетке толмаған қыз баланы ұстап алып, оған қатысты заңсыз әрекет жасауға талпынғаны туралы арыз түскен. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
– Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жасөспірімнің ата-анасы полицияға жеткізілді. Қыз баламен психологтың қатысуымен әңгіме жүргізілді, – деп хабарлады ведомстводан.
Полиция өкілдері баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрмағанын атап өтті.
– Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нәтижесіне қарай тиісті процессуалдық шешім қабылданады, – деп қосты құқық қорғау органдары.
Бұған дейін Шымкентте әйелдің пышақ жарақатынан қаза тапқаны хабарланған болатын. Күдікті ұсталған сәтте полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, соның салдарынан тәртіп сақшылары қызметтік қару қолдануға мәжбүр болған.