Шымкентте қанша бала жүрек ақауымен есепте тұр
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. — Шымкент қаласы бойынша өткен жылы туа біткен жүрек ақауы бар 58 балаға ота жасалды.
Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда туа біткен жүрек ақауымен 380 мыңнан астам бала тіркелген. Жыл сайын шамамен 2,5 мың жаңа жағдай анықталады, яғни әрбір 1000 жаңа туған нәрестенің 8-інде жүрек ақауы кездеседі.
Шымкент қаласының бас штаттан тыс кардиологы Раушан Қалдыбаеваның айтуынша, қазіргі таңда қалада туа біткен жүрек ақауымен 1440 бала есепте тұр. Шаһарда жыл сайын 300-ге жуық жаңа туған нәрестеден жүрек ақауы анықталады.
— Былтыр Шымкент қаласы бойынша 58 баланың жүрегіне ота жасалды. Оның ішінде 34 балаға қалалық балалар клиникасында, ал 24 балаға Астанадағы UMC Жүрек орталығында ота жүргізілді. Сондай-ақ биыл жыл басынан бері 4 балаға күрделі түрде ота жасалды, — деді ол.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2024 жылы Шымкентте 16 балаға ота жасалған. Былтыр қаладағы клиникалық балалар ауруханасы базасында кардиохирургия бөлімшесі ашылды. Аталған бөлімшенің іске қосылуы жүрек ақауы бар балаларды басқа өңірлерге немесе шетелге жіберу қажеттілігін азайтқан.
Бұдан бұрын Алматыда дәрігерлер жүкті әйелдің сәбиіне зиян келтірмей жүрекке ота жасағанын жазған едік.