Шымкентте кене шаққан 475 адам медициналық көмекке жүгінді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Ветеринарлар қауіпті аурулардың алдын алу үшін қаладағы қоражайларды, гүлзарлар мен саябақтарды залалсыздандырып жатыр.
Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, қалада жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Биылғы алғашқы кезең наурыз-мамыр айларында атқарылған. Кене қаупі жоғары аумақтарды өңдеуге 18 маманнан тұратын 6 бригада жұмылдырылып, сұйық және құрғақ дәрілер қолданылған.
Сондай-ақ мамандар қоражайлар, гүлзарлар мен саябақтар аумағында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, 4,6 млн шаршы метр жерге дәрілік сұйықтық сепкен.
– Биыл қаңтар-мамыр айлары аралығында қалада Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы жағдайы тіркелген жоқ. Дегенмен осы кезеңде кене шағу дерегі бойынша 475 адам медициналық көмекке жүгінді, - делінген ведомство хабарламасында.
Ресми мәліметке сүйенсек, кене шаққан азаматтардың дені басқа өңірлерде мал шаруашылығымен айналысу немесе демалыс кезінде зардап шеккен.
Бұдан бұрын СҚО-да 16 жастағы жасөспірім кене энцефалиті вирусын жұқтырып, ем алып жатқанын жазған едік.