Шымкентте қызылшаның өршуі мен ауруханалардың толуы туралы ақпарат жоққа шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде тараған Шымкентте қызылша ауруы өршіп, ауруханаларда орын жетіспей жатыр деген ақпарат расталмады. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Алаңдаушылыққа әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалар себеп болған. Онда Шымкенттегі ауруханалар лық толы, бос палаталар жоқ, ал балалар арасында қызылша деректері көбейгені айтылған.
Алайда қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын атап өтті. Ведомство дерегінше, жыл басынан бері Шымкентте қызылшаның бір ғана расталған жағдайы тіркелген, эпидемиологиялық көрсеткіштер өте төмен деңгейде.
— Шымкент қаласы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық аурулар жөніндегі деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта қызылшаның бір ғана расталған жағдайы бар. Көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 0,08-ді құрайды, — деп хабарлады басқармадан.
Өз сөздерін растау үшін ведомство жұқпалы аурулар ауруханасындағы бос палаталар мен дәліздер көрсетілген фото және бейнематериалдарды ұсынды.
Еске салайық, қазан айында Шымкентте маусымдық жедел респираторлық аурулардың көбеюіне байланысты жұқпалы аурулар ауруханасында кейбір науқас уақытша дәліздерге орналастырылған болатын.
Кейін Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдай эпидемиологиялық кезеңге тән маусымдық жүктемемен байланысты екенін және палаталардың жетіспеушілігі уақытша сипатта болғанын түсіндірді.
Сол кезеңде қалада әлеуметтік желілерде «гонконг тұмауы» деп аталған дерттің таралуы туралы да әңгіме өрбіген еді. Алайда эпидемиологтер Шымкентте аталған тұмау штаммының бірде-бір расталған жағдайы анықталмағанын мәлімдеген.