Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкентте коммуналдық тарифтер қалай өзгерді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте су және кәріз қызметінің тарифі өзгеріссіз қалды. Ал табиғи газ бағасы 1 шілдеден бастап текше метріне 13 теңгеге өсті.

Шымкентте коммуналдық тарифтер қалай өзгерді
Фото: Pexels

Жыл басынан бері Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент бойынша департаментіне коммуналдық тарифтер мен бағаларды өзгертуге қатысты табиғи монополия субъектілерінен 12 өтініш түскен. Оның жетеуі — коммуналдық қызметтерге қатысты.

Қазіргі уақытта «QazaqGaz Aimaq» АҚ мен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің өтінімдері бойынша шешім қабылданған. Нәтижесінде тұрғындар үшін су және кәріз қызметтерінің тарифтері өзгерген жоқ.

— Халыққа көрсетілетін сумен жабдықтау және су бұру қызметтері бойынша тарифтер жыл басындағы деңгейде қалдырылды. Сумен жабдықтау құны текше метр үшін — 96,07 теңге, су бұру ҚҚС-сыз текше метр үшін — 53,80 теңге, — деді ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент бойынша департаментінің басшысы Кенжеболат Көшекбаев.

Сонымен қатар биылғы 1 шілдеден бастап Шымкент тұрғындары үшін табиғи газ тарифі ҚҚС-сыз текше метріне 51,783 теңге болып белгіленді. Бұл бұрынғы тарифтен 13,04 теңге жоғары.

Департаменттің мәліметінше, тарифтің өсуіне Энергетика министрлігі бекіткен тауарлық газдың жаңа шекті көтерме бағасы себеп болған. Шымкент пен Түркістан облысы үшін бұл көрсеткіш 39,8 пайызға өсіп, ҚҚС-сыз мың текше метріне 38 349 теңгеден 53 611 теңгеге дейін жеткен.

Қазіргі уақытта жылумен жабдықтау және өзге де коммуналдық қызметтерге қатысты тарифтік өтінімдер қаралып жатыр. Олар бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.

Жыл басынан бері департамент 17 табиғи монополия субъектілеріне қатысты әкімшілік шара қолданып, жалпы сомасы 47 млн теңгеден астам айыппұл салған.

Сондай-ақ тарифтердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында биыл төрт қоғамдық тыңдау өткізілген.

Еске салайық, жыл басынан бері Қазақстанда табиғи монополия субъектілеріне қатысты 535 әкімшілік іс қозғалған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы — 922,9 млн теңге, оның 368,8 млн теңгесі Шымкентке тиесілі. Монополия субъектілері тарифтік сметаларды, инвестициялық бағдарламаларды орындамағаны және тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.