Шымкентте көшеде 5-сынып оқушысын ұрған жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Шымкентте ер адамның баланы соққыға жыққан сәті бейнеленген видео тарады. 

Шымкентте көшеде 5-сынып оқушысын ұрған жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: видеодан алынған скрин

Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, олар — көрші тұратын 10-сынып және 5-сынып оқушылары.

— Оқиғаға қатысушылар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілді. Тексеру барысында бұған дейін кәмелетке толмағандар арасында жанжал болғаны анықталды. Кейін 10-сынып оқушысы оны көшеде кездестіріп, күш қолданған, — делінген хабарламада.

Полиция мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және жанжалдың мән-жайына қарамастан, оларға міндетті түрде құқықтық баға берілетінін атап өтті.

— Кәмелетке толмаған балалардың ата-анасы баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданды, — деп мәлімдеді ведомство.

Бұдан бұрын Атырау қаласындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы 8-сыныпта оқитын қызды үшкір затпен жарақаттағанын жазған едік