Шымкентте құмар ойынға әуестенген мемлекеттік қызметкершілер жұмыстан босатылып жатыр

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Әкімдік қызметкерлері лудоманияға бой алдырған. 

тотализатор
Фото: Мухтор Холдорбеков,Kazinform

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдік аппаратының ресми өкілі Сәрсен Құранбек қаладағы мемлекеттік қызметшілер арасында лудоманияға бейім қызметкерлерге қатысты қабылданып жатқан шаралар жөнінде ресми мәлімдеме жасады.

– Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, егер мемлекеттік қызметкер бәс тігумен, құмар ойындармен айналысса, тіпті азғантай мөлшерде қаржы жұмсаса да немесе «біреу тігіп бер» деген сылтаумен бәске ақша тіксе, бұл әрекет «теріс қылық» деп бағаланып, қызметінен босатылады. Бұл – заңның нақты талабы. Прокуратура жолдаған мәлімет бойынша кім лудаманияға қатысы бар деп танылды, солардың барлығы жұмыстан шығарылып жатыр. Бұл дербес деректер болғандықтан олардың атын атай алмаймыз, - деді Сәрсен Құранбек.

Ресми өкілдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар бойынша анықталған әрбір фактіге сәйкес тиісті шешім қабылданады.

– Құмар ойын – дерт. Ондай адам ақшасымен қоса, үйі мен малын да сатуға дейін барады. Бұл – қоғам үшін қауіпті жағдай. Біз тек заң аясында әрекет етеміз, ал олар қаражатты қайдан алғанын анықтау – құзырлы органдардың еншісіндегі мәселе, - деді Сәрсен Құранбек.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте 500 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар