Шымкентте Мырзахмет, Нұрмаханбет, Дінмұхаммед атты үшем дүниеге келді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент тұрғыны Айгүл Бақытжанқызы үшем дүниеге әкелді. 24 жастағы жас ана мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 31-аптасында қалалық перзентханада босанған.

үшем
Фото: instagram.com/gorzdravshymkent

Дүниеге келген сәбилердің үшеуі де — ұл бала. Оларға Мырзахмет, Нұрмаханбет, Дінмұхаммед есімдері берілді. 

НӘрестелердің бірінің салмағы — 1580 грамм болса, екіншісі — 1640 грамм боп дүниеге келді. 

Ал үшінші сәбидің салмағы — 1610 грамм. 

Қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар дәрігерлер үшемді алдымен жансақтау бөлімінде бақылауда ұстағанын, тиісті ем-шараларды жасап, кейін палатаға ауыстырғанын айтты.

үшем
Фото: instagram.com/gorzdravshymkent

Салмақ қосып, жағдайы жақсарған сәбилер мен жас ананы бүгін перзентхана қызметкерлері салтанатты рәсіммен үйіне шығарып салды. 

Айта кетейік, Мырзахмет, Нұрмаханбет, Дінмұхаммед — жыл басынан бері Шымкентте дүниеге келген төртінші үшем. 

Биыл қалада 10913 сәби дүниеге келген. Оның 5579-ы — ұл болса, 5334-і — қыз. Егіздердің саны — 107. 

Бұған дейін Шымкенттің 31 жастағы тұрғыны үшем дүниеге әкелген болатын. Оларға Атамбай, Мұса, Мүслім есімдері берілді. 

Сондай-ақ Қостанай тұрғыны Ақшагүл Әбдірахманова бес баласынан кейін үшем босанды.

Бұл — соңғы 6 жылдың ішінде Қостанайда жарық дүние есігін ашқан алғашқы үшем.

Қала әкімі отбасы мен жаңа туған нәрестелерге облыс орталығындағы жаңа пәтердің кілтін табыс еткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар