Шымкентте оқушы автобустағы қауіпті әрекетін видеоға түсірген
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте техникалық қақпағы ашық күйде қозғалып бара жатқан автобустың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады.
Видеодан автобус жүріп келе жатқан сәтте оның астыңғы бөліктері мен асфальт жолдың анық көрініп тұрғанын байқауға болады. Бұл қауіпті жағдайға байланысты желі қолданушылары алаңдаушылық білдірді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, аталған оқиға бойынша арнайы тексеру жүргізілді.
— Видеоны түсірген азаматтың 12 жастағы мектеп оқушысы екені анықталды. Ол үш күн бұрын № 74 бағыттағы автобусқа мініп, артқы техникалық қақпақты ашып, оны видеоға түсірген және TikTok әлеуметтік желісіне жүктеген, — делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі таңда кәмелетке толмаған жасөспіріммен және оның ата-анасымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бала өз қателігін мойындады. Сондай-ақ ата-анасы мұндай жағдайдың қайталанбайтынын жеткізді.
Бұдан бұрын Шымкентте автобус жүргізушісін ұрған жасөспірімге қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанын жазған едік.