Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкентте пластикалық хирургияға қатысты 4 заңбұзушылық анықталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға жүргізілген тексеру барысында бірқатар заң бұзушылық анықталды.

пластика
Фото: Kazinform /ЖИ көмегімен жасалды

Қазіргі таңда Шымкентте пластикалық хирургия қызметін көрсететін 13 медициналық ұйым бар.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында пластикалық хирургия бейініндегі медициналық мекемелерге қатысты 8 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

– Тексеру барысында Қазақстан Республикасында хирургиялық көмек көрсету стандарты мен Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамалары талаптарының бұзылғаны анықталды. Сондай-ақ лицензиясыз медициналық көмек көрсетудің 2 жағдайы және сертификатсыз қызмет көрсетудің 2 дерегі тіркелді. Бұдан бөлек 1 медициналық ұйым міндетті сақтандыру шартын жасасу талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген департаменттің Kazinform тілшісіне берген жауабында.

Сондай-ақ пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында прокуратурамен бірлесіп, қаладағы 4 мекемеге жоспардан тыс тексерулер жүргізілді.

– Шымкент қаласы прокуратурасының тапсырмасы негізінде жүргізілген тексеру нәтижесінде 1 ұйымның жұмыс істемейтіні анықталды, бір ұйым бойынша заң бұзушылық тіркелмеді. Ал 2 медициналық ұйымға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230 және 426-баптары бойынша әкімшілік шаралар қолданылды, – делінген жауапта.

Айта кетейік, пластикалық хирургия бағыты бойынша алты айда департаментке түскен 18 өтініш қаралған.

Бұған дейін Шымкентте дәріханалардағы егу бөлмелерінде 4 адам қайтыс болғаны туралы хабарлаған едік.