Шымкентте полицейлер заңсыз көші-қон арнасын тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM - Шымкент қаласында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырып келген қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Анықталғандай, күдіктілер ақшалай сыйақы үшін шетел азаматтарының ел аумағына келуін ұйымдастырып, оларды заңсыз түрде заңдастырумен айналысқан.
-Операция барысында 28 тінту іс-шарасы жүргізілді. Нәтижесінде ондаған шетелдік паспорт, техникалар, байланыс құралдары, түрлі бланкілер мен жалған еңбек шарттары тәркіленді. Сонымен қатар ірі көлемдегі ақша және тіркелмеген қару алынды. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған арнаға қатысы бар 13 адам полицияға жеткізілді. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды,-делінген ҚР ІІМ хабарламасында.
Министрлік көші-қон заңнамасын бұзудың кез келген фактісі жауапкершіліксіз қалмайтынын ескертеді. Заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу жұмыстары жалғасады.
Осыған дейін Алматыда көші-қон тәртібін бұзған 21 шетел азаматы елден шығарылғаны туралы жаздық.