Шымкентте полиция алаяқтардың арбауына түскен азаматқа 1,7 млн теңгесін қайтарып берді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Алаяқтарға алданған Шымкент қаласының тұрғыны полицейлердің көмегімен ақшасын қайтарып алды. 

Шымкентте полиция алаяқтардың арбауына түскен азаматқа 1,7 млн теңгесін қайтарып берді
Фото: ҚР ҰҚК

Жәбірленушінің айтуынша, алдымен оған өзін «Қазпошта» қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласып, деректерді растау сылтауымен SMS-кодты айтуға көндірген. Арада біраз уақыт өткен соң екінші қоңырау түсіп, тағы бір белгісіз адам өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Ол бұған дейін хабарласқандардың алаяқ екенін, есепшоттағы ақшаны қауіпсіз жерде сақтау үшін қаражатты басқа есепшотқа аудару қажеттігін айтып, сендірген. 

Азамат банкомат арқылы ақшасын шешіп алып, көрсетілген есепшотқа 1,7 млн теңге аударған. Кейін алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полиция көмегіне жүгінген. 

Полицейлер жедел әрекет етіп, ақша аударылған есепшоттарды анықтап, транзакцияларды уақтылы бұғаттады. Нәтижесінде қаражат толықтай жәбірленушіге қайтарылды. 

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Қарағанды облысында интернет-алаяқтықтың 335 фактісі тіркелді