Шымкентте Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы аяқталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қылмыстық істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Сот отырысы барысында бірқатар жайттар жария етілді.

Руслан Берденов
Фото: Руслан берденовтің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Берденовтің мүддесін сенімді өкілі, адвокат қорғап отыр. Ол істің соңына дейін сот процесіне қатысады. Айыпталушы Ернар Жиембай сот залына конвоймен жеткізілді. Сот отырысы басталмас бұрын ол қатты қобалжығаны байқалып, жары мен анасынан денсаулықтарын сұрап, оларды жұбатуға тырысты.

Жиембай өзіне қатысты фото және бейне түсірілімге тыйым салуды сұрап, бұл жағдай оның отбасына психологиялық тұрғыдан кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартты. Сот бұл өтінішті қанағаттандырды.

Істі қарауға үш прокурор, жәбірленуші тарап — Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің өкілі, сондай-ақ төрт қорғаушы қатысты. Айыпталушының қорғаушыларының бірі — оның туған әкесі.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Ернар Жиембай аңшы мылтығынан бес рет оқ атып, алтынышы бақылау оқты атпақ болғанымен, оқ-дәрісі таусылған. Өз кезегінде айыпталушы тергеу барысында өзіне қысым көрсетіліп, азаптау әрекеттері жасалғанын мәлімдеді. Ол сотқа бұл туралы дәлелдер ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Сот төрағасы Қарабаев келесі отырыста Руслан Берденовтің сотқа жеке қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды. Келесі сот отырысы 6 тамыз күні сағат 10:00–ге белгіленді.

Еске сала кетейік, Руслан Берденовке қастандық 2024 жылдың 21 сәуірінде Шымкент қалалық әкімдігі ғимараты маңында жасалған. Қазір бұл іске байланысты ауыр баптар бойынша тергеу жүріп жатыр.

Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.

Ал 25 сәуірде шенеунікке оқ атқан күдіктінің әкесі мәлімдеме жасады.

Руслан Берденовтің ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.

Соңғы жаңалықтар