Шымкентте синтетикалық есірткі таратумен айналысқан күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласында есірткі заттарын таратумен айналысқан Алматы облысының тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкентте синтетикалық есірткі таратумен айналысқан күдікті ұсталды
Фото: Polisia.kz

Күдікті автокөлікпен жүрген. Ұстау кезінде полицейлер көліктің жүксалғышынан 1 келіден астам синтетикалық психотроптық заттарды тауып, тәркіледі.

Анықталғандай, ер адам заңсыз әрекетпен өткен жылдан бері айналысқан. Ол есірткі заттарын Алматы облысынан Шымкентке жеткізіп, жасырын орындарға қалдыру арқылы таратқан. Ал жасырын орындардың орналасқан жерін мессенджер арқылы жолдап отырған. 

Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 466 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.