Шымкентте соңғы 3 жылда өнеркәсіп саласында 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың 10 айында Шымкент қаласы макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсімі 14,8 пайызды құрап, республика бойынша алдыңғы қатардан орын алды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінің» баспасөз конференциясында айтты.

Ғабит Сыздықбеков
Фото: ОКҚ

— Сауда көлемі 24,6%-ға, байланыс 18,3%-ға, өнеркәсіп өнімі 14,7%-ға, құрылыс жұмыстары 7%-ға, инвестиция 4,7%-ға өсіп, 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, — деп толықтырды Ғабит Сыздықбеков.

Сонымен қатар, оның айтуынша, экономика өсімінің драйвері өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,5%-ға өсті. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп саласында құны 150 млрд теңгені құрайтын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

— Мегаполисте өндірістік аймақтарды дамыту арқылы инвесторлар тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатында жаңадан 2 өндірістік аймақ салу және 3 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл аймақтарда 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жоба іске асырылып, 13 мыңға жуық жұмыс орны құрылады, — деді Ғабит Сыздықбеков баспасөз конференциясында.

Өңір басшысы «QazАlpack» компаниясы өндіретін алюминий құтыларына сұраныс артып, экспорт көлемінің ұлғайуына байланысты құны 30 млрд теңгені құрайтын жобаның екінші кезеңін іске қостық. Зауыт жылына 2,2 млрд дана алюминий құтыларын шығарады. Сонымен қатар ол жерде 112 мың тұрақты жұмыс орнын ашылғанын атап өтті.

Оған қоса 7,8 млрд теңгеге «Sauran Bricks» компаниясы автоклавты газдалған бетон өндіретін зауыт жобасын іске қосты. Зауыт жылына 300 мың текше метр газдалған бетон өндіреді. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары бәсекелестіктегі артықшылықтарымызды толық ашуға, экономикалық өсімнің тың мүмкіндіктерін табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға бағыт алғанымызды айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар