Шымкентте SOS батырмалары көбейді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Құрылғылар вандализмге төзімді болып жасалған.

Азаматтардың полициямен жедел байланысқа шығуына мүмкіндік беретін дабыл түймелер жүйесі қаланың халық көп шоғырланатын орындарында орналасқан. Құрылғы арқылы бірден полиция департаментінің жедел басқару орталығымен аудио және бейне байланысқа қосылуға болады.
Әр SOS батырмасы камера, микрофон және динамикпен жабдықталған. Бұл операторға қоңырау шалушыны көруге, естуге және полиция наряды келгенге дейін қажетті нұсқаулықтар беруге мүмкіндік береді. Дабыл түскен бойда жедел басқару орталығының инспекторы жақын маңдағы патрульдік жасақты немесе учаскелік полицейді оқиға орнына жібереді.
- SOS батырмалары көп адам жиналатын қоғамдық орындарға орнатылып, қылмыстың алдын алу және қауіпсіздікті күшейту мақсатын көздейді. Бұл құрылғылар вандализмге төзімді етіп жасалған. Жақын арада қала аумағында қосымша 50 құрылғы орнату жоспарланып отыр. Бұл төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ықпал етеді, - делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте қоғамдық орындарды ластаған 1600-ден аса тұрғын жауапқа тартылған болатын.