Шымкентте 2 айдан бері су құбыры апатының салдары әлі де жойылмаған

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының Қайнарбұлақ тұрғын алабында екі ай бұрын болған коммуналдық апаттың салдары әлі жойылған жоқ. Тұрғындардың айтуынша, су құбырының жарылуынан кейін топырақ біртіндеп шөгіп, үйлердің қабырғаларында жарықтар пайда болып жатыр.

Дома повреждены из-за порыва водопроводной трубы в Шымкенте
Фото: Шымкент қаласы тұрғындарынан

Тұрғындар оқиға орнынан журналистерге фото мен бейнежазбаларды жолдап, әлеуметтік желілерде жазба жариялап, өз алаңдаушылығын білдірген. Олар апаттан кейін үйлердің іргетасы әлсіреп, тұрғындар қауіпті жағдайда өмір сүріп жатқанын айтады.

Тұрғындардың айтуынша, судың ағып кетуі Садовая көшесінде басталып, шамамен бір айға созылған. Осы уақыт аралығында үйлердің астындағы топырақ шайылып, салдарынан бірқатар құрылыстың бүлінуіне себеп болған.

Дома повреждены из-за порыва водопроводной трубы в Шымкенте
Фото: Шымкент қаласы тұрғындарынан

— Апат кезінде жедел қызметтер келіп, алғашқы шараларды қабылдады. Алайда келтірілген залал мен оның нақты көлемі осы күнге дейін толық бағаланған жоқ. Бізге мәселе шешілді деп айтылғанымен, шын мәнінде жағдай өзгермеді. Соңғы екі ай бойы біз қорқынышпен өмір сүріп келеміз — үйлеріміз үшін, әрі өзіміздің өміріміз үшін. Бастапқыда көмек көрсетілген еді, қазір бәрі тоқтап қалды. Біз өз мәселемізбен оңаша қалдық, — дейді тұрғындардың бірі.

Оның айтуынша, бір үй толығымен бұзылып, тағы екі баспана апатты деп танылған.

Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты «Су арнасы және кәріз басқармасы» мекемесі су құбырының жарылғанын растады. Судың ағып кетуі 12 қыркүйек күні басталғанын айтты.

Дома повреждены из-за порыва водопроводной трубы в Шымкенте
Фото: Шымкент қаласы тұрғындарынан

— Сағат 15:30–да Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы Садовая көшесінде қоршаудың қирауы туралы өтініш түсті. Тексеру кезінде диаметрі 355 мм су құбырының жарылғаны анықталды. Салдарынан төрт үйге зақым келіп, тұрғындарға материалдық шығын келтірілді, — деп мәлім етті мекеме өкілдері.

Кәсіпорынның дерегінше, демеушілердің есебінен жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары басталып, басқа пәтерге уақытша көшірілген отбасыларға тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы төленген.

— Алайда бұл су жүйесі кәсіпорынның теңгерімінде болмағандықтан, кеткен шығынды өтеудің құқықтық негізі жоқ, — деп түсіндірді компания өкілдері.

Дома повреждены из-за порыва водопроводной трубы в Шымкенте
Фото: Шымкент қаласы тұрғындарынан

Аталған мәселеге байланысты Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында қала әкімдігі бірқатар мекенжай бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

— Жаңақұрылыс көшесіндегі 330-үйдің іргетасы берік етілді. Үйдің мықтылығын арттыру үшін іргетастың айналасына темір қаңқа орнатылып, қосымша бетон құйылды. Үйдің айналасындағы ескі қоршау алынып тасталды, қазір оны қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Келесі кезеңде үйдің іші жөнделеді: қабырғалар мен едендер жөнделіп, су, жарық және басқа инженерлік жүйелер жаңартылып, әрлеу жұмыстары жасалады, — делінген жауапта.

Әкімдік мәліметінше, Садовая көшесіндегі 3-үй апатты жағдайға байланысты бұзылды. Жаңа үй салудың негізгі кезеңдерінің бірі — іргетас жасалып, оған темір-бетон құйылған. Келесі қадамдарда құрылысшылар үйдің тірек құрылымдарын көтеріп, едендерді төсіп, шатырды жасайды, су, электр сияқты инженерлік жүйелерді орнатады және ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарын атқарады.

Оған қоса, Садовая көшесі, 2-үй — ғимараттың негізі күшейтіліп, бетонды іргетас құйылды. Алдағы уақытта үйдің ішкі бөліктерін қалпына келтіру, қабырғалар мен едендерді жөндеу, инженерлік желілер мен әрлеу жұмыстарын орындау жоспарланып отыр.

Дома повреждены из-за порыва водопроводной трубы в Шымкенте
Фото: Шымкент қаласы тұрғындарынан

Сонымен қатар Жаңақұрылыс көшесі, 668/1-үй — күшейтілген іргетас төсемі құйылып, кейін ішкі жөндеу, инженерлік жүйелерді, қабырғалар мен едендерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Бұған дейін Қостанайда қысыммен жұмыс істейтін кәріз коллекторының құбыры жарылып, маңайдағы аумақтар, соның ішінде «Энергетик» саяжай учаскелері су астында қалғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар