Шымкентте табиғат қорғау заңнамасын бұзған 200 адам жауапқа тартылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент полициясы «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр.

Іс-шараның жиырма күнінде тәртіп сақшылары 200-ге жуық табиғатты қорғау заңнамасын бұзу жайтын анықтады.
Оның ішінде жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидасын бұзғаны үшін ӘҚБтК 382-бабымен 38 адам жауапқа тартылса, азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидасын бұзғаны үшін 116 тұрғынға айыппұл салынды.
Сондай-ақ, ӘҚБтК 386-бабына сәйкес ағашты күтіп ұстау және қорғау қағидасын бұзған 38 адам ескерту алды.
«Заңсыз аң аулау заңнамада көзделген жауапкершілікке алып келетінін ескертеміз және әрбір тұрғынды өңірдің экологиялық әл-ауқатын сақтауға, табиғат пен жануарлар дүниесін қорғауға шақырамыз» делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.