Шымкентте тақыр жерге асфальт төселіп, жол салынып жатқан видео тарады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы көшелердің бірінде тақыр жердің үстіне асфальт төселіп жатқан видео тарады.
Желіде талқыға түскен видеода тұрғын шағал тасы жоқ жерге асфальт салып, күрекпен тегістеп жатқан жұмысшыларды сынға алған. Аталған жайтқа қатысты Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы түсінік берді.
– Мердігер мекеме «Алем Транс Жол» ЖШС тарапынан Абай ауданындағы Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында орналасқан Үшқоңыр көшесіне бір қабат асфальт жабындысы салынды. Көрсетілген аумақтағы жолда бұған дейін жер негізі болған, сондықтан асфальт төсеу алдында қосымша топырақ немесе шағал тас қабатын салу қажеттілігі болмады. Ал видеодағы күрекпен атқару жұмыстары – құдықша қақпақтарын ашу және деңгейін реттеу мақсатында жүргізілген техникалық процесс екенін мәлімдейміз. Сонымен қатар мердігерге сапа талаптарын сақтау бойынша ескерту берілді. Қазір көрсетілген аумақтағы асфальт қабаты тұрғындардың өтінішіне сәйкес, қайта төселді, – делінген басқарманың ұсынған жауабында.
Бұдан бұрын Шымкентте көліктер асфальт астына түсіп кеткенін жазған едік.