Шымкентте үстіне ағаш құлаған 10 жастағы баланың өлімі: қылмыстық іс қозғалды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйдің ауласында болған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

көше
Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Полицияға 11 ақпанда аулада ағаш құлап, баланың зардап шеккені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері ағаштың 10 жастағы баланың үстіне құлағанын анықтады. Өкінішке қарай, оқиға орнында жасөспірім көз жұмды.

– Адам өліміне әкеліп соқтырған қызметтік міндеттерге салғырт қарау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады Шымкент қалалық Полиция департаменті.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ойын барысында кәмелетке толмаған бала қар қалың түскеннен кейін бұтақтарында көп мөлшерде қар жиналған ағаштың бұтақтарын өзіне қарай тартқан. Соның салдарынан қар сырғып түсіп, кейін ағаш құлаған.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қала әкімдігінде қызметтік тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды.

– Қаза болған баланың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасына қажетті жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі, – делінген ведомство хабарламасында.

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға болған күні синоптиктер қатты жауын-шашын, көктайғақ, боран, тұман және желдің күшеюі туралы ескерту жасаған.

– «112» қызметіне түскен хабарламалар негізінде жедел-құтқару жасағы ағаштардың құлауына байланысты авариялық-құтқару жұмыстарына 11 рет шыққан. Оқиға салдарын жоюға 41 қызметкер мен 11 техника жұмылдырылды, – деп мәлімдеді ТЖД.

Құтқарушылар тұрғындарды қолайсыз ауа райы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға, ағаштар мен электр желілерінің астында тұрмауға, жол қозғалысы кезінде мұқият болуға және мүмкіндігінше алыс сапарларға шықпауға шақырды.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Шымкентте толассыз жауын-шашыннан кейін көшелерді қар мен су басты. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшірілді. Алайда қайғылы жағдай тіркелді, ағаш құлап, салдарынан бір оқушы қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар