Шымкентте заңсыз тас өндіргендер Бадам өзені бойындағы жаңа бетон дамбаны бүлдірді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Бадам өзені бойындағы жағалауды бекіту жұмыстары аяқталғанына бірнеше ай өтпей жатып, жаңа бетон дамбаның шамамен 40 метрі қирап қалды. Құқық қорғау органдары гидротехникалық нысанға келтірілген залалға қатысы бар тұлғаларды анықтап жатыр. Ал мердігер компания нысанды кепілдік міндеттеме аясында қалпына келтіруі тиіс.
Жоба өткен жылдың желтоқсан айында аяқталған. Шымкент қаласындағы Бадам өзені бойында 5,3 шақырым жағалау сызығы бекітілген. Игілік, Жаңаталап және Көкбұлақ тұрғын алаптары маңында мамандар өзен арнасын тегістеп, беткейлерін бетонмен нығайтып, гидротехникалық құрылымдарды күшейткен.

Аталған жұмыстарға бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді. Жаңартылған дамба көктемгі су тасқыны кезінде су деңгейі көтерілген жағдайда жақын маңдағы аумақтарда су басу қаупін азайтады деп жоспарланған.
Алайда бекітілген жағалаудың бір бөлігі бүлінді. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, белгісіз тұлғалар өзен арнасынан заңсыз тас өндірген. Салдарынан бетон конструкция зақымданған.
— Заңсыз әрекеттер салдарынан бетон дамбаның шамамен 40 метрі бүлінді. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары кінәлілерді анықтап жатыр, — деді басқарма басшысы Әбілқайыр Оңғар.
Ведомствоның хабарлауынша, өзендегі жағдай тұрақты, су басу қаупі жоқ.
Зақымданған аумақты мердігер ұйым өз қаражаты есебінен қалпына келтіреді. Жобаға 7 жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған.

Бадам өзенінде заңсыз кен өндіру мәселесі бұған дейін де көтерілген. Бұдан бұрын құм-қиыршық тас қоспасы жеткізілген жер учаскесі жеке кәсіпкерге тиесілі және оған жерге мемлекеттік акт берілгені хабарланған. Алайда құжаттарда пайдалы қазбаларды өндіруге емес, балық шаруашылығын жүргізуге ғана рұқсат берілгені көрсетілген.
Сонымен қатар, өзен арнасы бойындағы құрылыстың тығыз орналасуы да жағдайды күрделендіріп отыр. Су қорғау аймақтарының шекарасы жылдар бойы нақты белгіленбегендіктен, жер иелері нысандарды келісімсіз тұрғызған. Ресми деректерге сәйкес, жағалау аймағында талаптарды бұза отырып салынған 2 378 нысан анықталған.