Шымкентте жалған шот-фактура жасағандарға 85,1 млн теңге айыппұл салынды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте жалған шот-фактура жазып берген салық төлеушілерге айыппұл салынып, мемлекеттің материалдық мүддесі қорғалды.

Шымкент қаласы Тұран ауданының прокуратурасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу заңдылығына жүргізген мониторинг нәтижесінде Мемлекеттік кірістер басқармасы жалпы сомасы 709,5 млн теңгеге жалған шот-фактуралар жазып берген 5 салық төлеушіге қатысты 5 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі заңсыз тоқтатқанын анықтады.
– Прокурорлық қадағалау актілері бойынша жоғарыда көрсетілген істерді тоқтату туралы қаулылардың күші жойылды. Сонымен қатар жалған шот-фактура жазып берген салық төлеушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 280-бабы (Жалған шот-фактура жазып беру) бойынша жалпы сомасы 85,1 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды, - делінген қалалық прокуратура хабарламасында.
Қазір 41,6 млн теңге өндіріліп, мемлекеттің материалдық мүддесі қорғалды.
Бұған дейін Қазақстанның көшпелі визасын алғандар салықты қалай төлейтінін жазған болатынбыз.