Шымкентте жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырды деген күдікпен екі шетелдік ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл тамыз айында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Түркістан облысы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен Шымкент қаласында синтетикалық есірткі өндірісіне қатысты жасырын зертхананың әрекетін тоқтатты.


ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, есірткі заттарының кезекті партиясын дайындау кезінде екі шетелдік ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Шамамен 4 кг «мефедрон» психотроптық заты, 50 литр прекурсор, шетел валютасындағы қаржы, сондай-ақ «синтетика» дайындауға арналған зертханалық жабдық алынды.
Қылмыстық Кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды»,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Қызылорда облысында есірткі өсірген қылмыстық топтың 22 белсенді мүшесі қолға түскені туралы жаздық.

