Шымкентте жастар орталығының басшысы желідегі жазбаға лайк баспаған қызметкерлерді жазалаған

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Оқиға үлкен резонанс тудырды. 

Шымкентте Жастар орталығының басшысы әкімдік жазбасына лайк баспаған қызметкерлерді жазалаған
Фото: Азат Дидарбектің Facebook-тегі парақшасынан

Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, Шымкенттегі жастар ресурстық орталығының басшысы «әлеуметтік желідегі жазбаларға лайк баспадың» деп қызметкерлерін жазалаған. Тіпті, жиналысқа салып, бұйрық шығарып, ескерту берген. Салдарынан бір қызметкердің денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр болған.

Аталған жағдай әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. Басшылықтың бұйрығы мен WhatsApp желісінде жазған жазбалары да көпшіліктің талқысына түсті.

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова аталған жағдайға байланысты пікір білдірді. Ол өз кезегінде жастар ресурстық орталығы басшысының бұл әрекеті шектен шыққандық екенін жеткізді. 

– Қызметкерлерді лайк басуға мәжбүрлеу — тиімсіз әрі дұрыс емес әдіс. Егер әлеуметтік желілерде «белсенділік» қажет болса, күшін шынайы қызықтыратын контент жасауға бағыттағаны жөн. Сонда лайк өздігінен келеді, ешкімді үгіттеудің қажеті болмайды. Осыған байланысты жастар ресурстық орталығының басшысына қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды, - делінген жазбада.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте асфальтты мөлшерден тыс сатып алуды жоспарлаған мекеме басшысы жауапқа таратылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар